23 Қыркүйек, 2014
ТҮСІПБЕК СІЛӘМҚҰЛҰЛЫ: Шыңжаңның фотошежіресін жасау хикметтерге толы болды
- Біздің білуімізше арғы беттегі ағайын Сізді «Қазақ фотоөнерінің атасы» деп таниды. Қазір зейнеттесіз бе? Қандай жұмыстармен айналысып жатырсыз?
- Біздің білуімізше арғы беттегі ағайын Сізді «Қазақ фотоөнерінің атасы» деп таниды. Қазір зейнеттесіз бе? Қандай жұмыстармен айналысып жатырсыз?
- Зейнеттемін, зейнетке шыққалы маған сегіз жыл болды. Бірақ бұрынғы жұмыс істегеннен де қарбалас болып кеттім. Неге десең - бұрын жұмыстың міндеті болды. Ал, зейнетке шыққаннан кейін ойға алған, сөз жоқ біз істеп кетуге тиісті дүниелер бар, солармен айналысып жатырмын. Негізгі жұмысым: Бірінші, Шыңжаңдағы үш үлкен тау, екі ойпатты, Тянь-Шань, Күнлүн, Алтай тауын, Жоңғар, Тарым ойпатының барлығын 30 жыл аралап суретке түсірдім, осы суреттерімді реттеп, ұрпаққа жеткізу. Екінші, қазақтың ұлттық этнографиясы турасындағы суреттерді топтастыру. Сол бағытта үлкен альбом шығардым. Ол - Қытайдың құрылғанына 60 жыл болғанына орай 2009 жылы қазақ, қытай, ағылшын тілдерінде жарық көрді. Оның ішінде 820 сурет, 60 мақала бар. Қазақтың этнография саласына кең насихат жасалмаса жоғалып барады, бұл осы альбомда жан-жақты қамтылды, осыны ұрпаққа қалсын дедім.
- фотоөнерін қашан қолға алдыңыз?
- Мен фотосурет саласымен оқушы кезімнен шұғылданып келемін. «Фото өнер-білімінен 100 сұрақ-жауап» деген кітап жаздым. Бұл фотоөнер саласы бойынша қазақ тілінде жарық көрген Қытайдағы алғашқы кітаптардың бірі. Бұрын мен «Шыңжаң халық баспасында» істегенмін. Ол кезде аудармалар жасадым, сөздік құрастырдым. Сөйтіп, 1971-1991 жылдар аралығында 20 жыл «Халық баспасында» қызмет атқардым. Бірақ қолымнан фотоаппаратымды тастаған жоқпын. Тіпті, мұны өз алдына өнер, арнаулы білім деп санамайтынмын. Әйтеуір, көңіліме түйген дүниелерді аппаратқа алып, жаным қалаған суреттерді түсіріп жүрдім. 600-дей суретті жарияладым. Бісміллә деп түсірген фотосуретім 1966 жылға тиесілі болса керек. Басшылық менің қабілетімді байқап, «осы салаға кел, осы саланы қолыңа ал» деген тілек білдірді. 1992 жылы фотосуретке шындап кірістім. Сол жылы «Шыңжаң газетіне» қарайтын «Шыңжаң» суретті журналының Бас редакторы болып орналастым. Зейнетке де Шыңжаң газетінен шықтым. Соның нәтижесіндей болып, «Көрікті Шыңжаң» деген фотоалбомым жарық көрді. Бұл альбомның ағылшын тіліндегі нұсқасы 2009 жылы Германияда басылды. Бұған дейін жалпы 16 кітабым шыққан. Бұдан сырт мен «Сапар естелігі» деген кітап шығардым. Әр өңірге фотосуреттер түсіруге барған кездердегі бастан өткен оқиғалар турасында. Бұл кітап ертеректе шыққан, осы кітап шыққаннан кейін маған үш түрлі кісі ұсыныстарын айтып келді:
Бірінші кісі: «қолыңызға қалам алғаннан мойныңызға аппарат асқан уақытыңыз көп екен, не үшін осы кітабыңызға суреттер қоспағансыз»,- деді. Оған сурет қосқам кезінде, қаржысы көп болып кеткеннен кейін баспа шыдамаған еді.
Екіншісі: «тау-таста жүрген кезіңізде көрген хикметтеріңіз кітапта жазылғаннан да көп екен, сіз газет-журналда жарияланғандарын ғана ықшамдап жаза салыпсыз, толықтырып жазсаңыз», - деді.
Үшіншісі: «әкеңіз 1955 жылы нақақтан қолға алынып, «Тарым лагерінде» 37 жасында қайтыс болыпты. Әкеден ерте айырылыпсыз. Кейін «мәдениет төңкерісінен» соң әкеңіз ақталыпты. 34 жасыңызда әкеңіздің сүйегін Тарымнан тауып әкеп, анаңыздың жанына жерлепсіз. «Иттің ұлы байқұтан» әкесіне естелік жазып жатыр, сіз неге жазбайсыз», - деді. Соларды жаздым. Түгел естеліктер топтастырылып, 710 беттік «Өмір өрнектері» деген үлкен кітап басылып шықты. Кейбір оқырмандар «осы кітапты оқып отырып жыладық» деп ризашылығын білдірді.
Сөйтіп, зейнетке шыққаннан кейін «Қазақтың этнографиялық мәдениеті», «Көрікті Шыңжаң», «Сапар естелігі», «Фото өнер-білімдерінен 100 сұрақ-жауап», сосын биыл сәуір айында басылып шыққан «Әсемдік әлемі» дейтін бес кітапты оқырманға ұсындым.
«Әсемдік әлемі» - суреттер де, естеліктер де топтастырылған, бес мазмұннан құралатын кітап. Біріншісі, «Асқар тау, алып ойпат». Бұл менің Шыңжаңдағы үш тау мен екі ойпатты аралап тентіреген кезімдегі не көріп, не білгендерім туралы. Екіншісі, «Қияндағы хикметтер». Мен бұл тарауға жер шарлап жүріп жолыққан хикмет оқиғаларды жаздым. Үшіншісі сұхбаттар. Төртіншісі «Өмір өрнектері» деген бөлім, әкемді Тарымнан қалай таптым, қалай әкеліп жерледім сол турасында. Бесіншісі түрлі шетелдердің, Қытайдың, Канаданың, батыстың ғалымдарының менің фото туындыларыма берген бағасы.
Ал менің енді істеп жатқан ең басты жұмысым, соңғы бес жыл аясында бүкіл Шыңжаң көлеміндегі жартас суреттері мен ондағы петроглифтерді, сынтастарды суретке түсіріп келемін. Бұған ден қойғаным - қазір туризм саласы қатты дамып келеді. Шыңжаңға келген туристер ондағы белгілердің, тарихи таңбалардың кімдерден қалғанын білмеуі мүмкін. Мен сол тастағы таңбалардың, өшпейтін естеліктердің кімдерден қалғанын көрсеткім келді. Онда он мың жыл бұрынғы, көне ескі таңбалар мен Ғұннан, Сақтардан қалған айшықты белгілер жетерлік. Осы суреттерді түсіру мені қатты шаршатты. Осыған дейін осы салаға тән 3000-нан аса суреттер жинадым. Соңғы суреттерім биыл шілденің жиырмаларында түсірілді. Негізінен топтап болып қалдым, осыған дейін үзіп-жұлып жариялағаныммен үлкен кітап етіп шығару жұмысы алдағы уақыттың еншісінде. Ал, бұл жолы Қазақстанға келудегі мақсатым - Әлкей Марғұланның кітабын табу болатын. Әлекеңнің 14 томдығы табылса, жоғарыда атаған жартас суреттері мен тарихи жәдігерлер туралы кітабым тіпті де толыға түсетін еді. Өкінішке орай менің іздеген кітабым сатылымға арналмаған кітап екен. Толық санын таба алмадым. 3, 4 томын ғана таптым.
Аталған кітапты шығаруға асығуымдағы бір себеп, Шыңжаңдағы көптеген жер аттары өзгеріп бара жатыр. Әсіресе туристік, тарихи нысандардың аттары қытайша қойылуда. Сосын бұл кітапта ғылым мен тарихқа жаңалық болатын тың нәрселер бар. Мысалы жартасқа бейнеленген киіз үй суреттері. Нылқы ауданының Мыс ауылынан, Құмылдан ары Ақтөбе деген жерден және Мори ауданының мұндай суреттерді көптеп кезіктірдім. Тағы бір хикмет – Алтай өңіріндегі жартастардың бірінде қазақтың көші бедерленіпті. Қалың малды, түйелі, аттылы шұбыртып көшіп бара жатқан суретті төрт метрдей аумаққа таңбалаған. Сондай-ақ, Алтайдың бір үңгірінен алты шаңғышының қалың аңды қуып бара жатқан көрінісін суретке алдым. Тағы бір маңызды дүние - менің қолыма алған фото аппаратым соңғы үлгідегі, аз қолданылатын фото аппараттар. Кез келген элементті бүге-шігесіне дейін түсіре алады. Сондай-ақ барған өңірлерімде жер иелерін сөйлетіп бейне кескінге де түсіріп жатырмын. Жартас суреттері бар аумақ кімнің қыстауы болды, ол жерді кезінде кімдер жайлады, кімнің атақонысы болды деген мәселелерге жауап алдым. Жасымда ұлғайып қалды, осы жұмыстар мені қатты шаршатып жіберді. Бұл кітапты «Тарлан тарихтың тастағы таңбалары» деп шығармақпын. Кітап ішінен екіге бөлінеді - «Жартас суреті үн қатады» және «сынтас сыр шертеді».
Сондай-ақ «фотоөнер қолданбасы» деген кітап жазылу үстінде. Ол «фото өнер-білімінен жүз сұрақ жауап» кітабымды толықтыру есебінде дайындалып жатыр. Онда бес жүзге тарта жер аттары тұрақтандырылған, оны Шыңжаңдағы тіл комитетімен таласып жүріп бекіттірдім. Сондай-ақ соңғы фотоаппараттардың сипаты туралы толық баяндалған.
- Жасаған еңбектеріңіздің ішінде жаныңызға ең жақыны қайсысы? Жазушылар жақсы көрген кітабын баласындай көреді ғой. Сіз ше?
- Біз туада табиғатпен жасасып келеміз ғой. Қазақтың ғұмыры көркем табиғаттан бөлек емес. Біздің тұрған жеріміз, тұрған орнымыздың барлығы тұнып тұрған сурет. Өйткені осы жерлерді мұхит асып, бірнеше он мың км жерден келіп суретке түсіретіндер бар. Осы жерде туып өсе тұра біз неге бұл жұмысты жасамаймыз? Өз басым суерттерімнің барлығын туған жеріме, ата қонысыма деген шексіз махаббатымның арқасында түсіріп жүрмін және оның әрқайсысы ұлтыма қаншалықты керек болса, өзіме де соншалықты қымбат. Мысалы, жартас суреттерін жер аттары өзгермей тұрғанда қағазға қаттамасақ, ертең жоғалып кетуі мүмкін. Ешкімгеде дәлелдей алмайсың.
- Табиғат кезіп, фотоаппарат асынып жүрген кездеріңізде өзіңізге қатты әсер етіп, жүрегіңізде қалған хикметтеріңізден бірін әңгімелеп берсеңіз...
- Адам да арман болады ғой, арман болмаса адам ештеңе істей алмайды. Алғаш Алтайдың Ертіс өзенінің он екі өзенінің басына бардым, сонда 13 жыл жүрдім. Сол жерде хикмет нәрселер көп кезікті. Бірақ Тянь-Шань тауында кезіккен хикметтерім ерекше. Менің туған жерім осы Тянь-Шань, Еренқабырға. Осы Тәңір таудың ең биік шыңы – Темір шыңы. Темір шыңына барған кездегі әсерімді айтайын. Темір шыңына шығу үшін Ақсу аймағының Уынсу деген жеріне бардым, сол жердегі мамандар арқылы Темір шыңына көтерілмекші болдым. Бұлар үш рет мені бастап көрді, жол жоқ, табиғат қолайсыз, жол ыңғайын білетін адам жоқ. Ең ақырында сол жерде Нұрақын деген бір аңшы бар дегенді естіп, сол тауға көтерілетін жолды біледі деп Тағалақ дейтін Орман фермасына бардым. Тағалақта қырғыздар мен ұйғырлар мекендейді. Оғол деген ферма бастығы жолымызды қамдап берді. Аңшы жігіт екеуіміз бір тоқтыны сойып алып, жүріп кеттік.
Бір күн жүргенде Чоңтерең дейтін өзен бойына бардық, атқалақтап, буырқанып жатқан тау өзені, оның үстіне біз жеткенде жаңбыр төгіп тұрды. Өзен қойдай-қойдай тастарды ағызып жатыр, қорқынышты. Осы өзеннің шетіне келіп қондық. Ұйғыр дегенің қарағайдың түбіне жатпайды екен, оның үстіне қасқырлардың талай бөлтірігін алғамын деп қасымдағы серігім қорқақтайды. Енді өрлесек от жағуға келмейді деп алған етіміздің бәрін қақтадық. Қасқырдың ұлыған даусы естіледі. Күн деген суық, от орнын сыпырып тастап жаттық. қасқыр шаба ма деп отты өшірмедік. Ол маған: «Атты қарайлай жатыңыз, біраз шаршап кеттім, ұйықтап алайын»,- деді. Пендешілік қой, екі-ақ адам жүргеннен кейін, бұрын білмейтін адам болған соң сескеніп, ортадағы мылтықты өзіме икемдеп, таң атқанша ұйықтамай жаттым. Бұл 1997 жылы. Атқа ауыр келеді деп жарты етті сүрлеп қарағайға асып тастадық та, таңғы асты азықтанып алып жүріп кеттік.
Біраз жүргенде теңіз деңгейінен 4500 метр биіктікке жеттік. Ол жерде түйеқұйрықтан басқа ештеңе жоқ екен, тау ешкі мен қодастың қиын тұтатып, аттарды жемдеп аялдадық. Ол: «Осыдан былай жол жоқ, енді жаяу жүреміз, сай-саланың бәрі беті топырақ болып жатқанымен асты мұз, қорымданып жатыр, кейде атылады, атылған кезде 20-30 метр аспанға атылады, су дегенің 10-20 метр аспанға шапшиды. Сол үшін біз саймен жүрмейміз, ылғи беткеймен жүреміз», - деп ескертіп жатты. Біздің туып-өскен тауға ұқсамайтын жағы осы екен о жақтың. Содан аттарға жем іліп, қаңтардық та, айналасына тезек тұтатып қоршап, таңертең ерте аттандық. Тезек тұтатпасаң қасқыр жеп кетеді. Кетіп барамыз, кетіп барамыз, оның қолында мылтық, менің қолымда фотоаппарат, сирағы бар. Ол тастан бір ырғып, бұл тастан бір ырғып, бір жерге барсақ, тастан екі үйінді үйіп қойыпты. Әлгі жерде арақ, сусындық, печенье бірдеңелер бар екен.
- «өй біз неменеге әуре болып жүрміз, мына жерде азық-түлік бар екен ғой», - десем, Нұрақын күліп кетіпті.
- «ой бұл дегенің - осыдан үш жылдың алдында шыңға шыққыш алты жапондық келген, оларды мен бастап келіп едім. Олар менің айтқаныма көнбей, «біз мұндай жердің талайын көргенбіз» деп саймен кетті. Аз жүргенде мұз жарылып, үшеуі түсіп кетіпті, біреуі аяғы сынып қалыпты. Олардың төртеуі өліп, екеуі қайтты. Содан араға жыл салып сол альпинистердің ата-анасы, бала-шағасы жиылып келіп осы ескерткіш тастарды үйіп кетті», - деді. Сөйтіп тұрғанда біздің аяқ жағымыз атылды, «қаш!» деді, жоғары қарай тұра қаштым. Он метрдей су атылып, мұз жарылды, сатырлап сынып мұздың жарығы кеңейіп барады. Дәл сол жерде мен сол көріністі суретке түсіріп үлгердім. Жол бастаушым болса «қаш, өлесің!» деп мені сүйрелеп жүр. Сол жерге бір демде бір көл пайда болды, жарты сағатқа жетер-жетпес уақыт өткенде әлгі көл шұрылдап, астына тартылып кетті де, орнына үңгір қалды. Қасымдағы Нұрақын сөзін тағы қадап: «Бұл жер өстіп жатады, бір-екі метр топырақ жамылып, сай атаулы мұз құрсанып жатыр, сол үшін сөз жоқ беткейлетіп жүруіміз керек», - деді.
Содан тағы өрлей түстік. Тәуір өрлесек те, Темір шыңы көрінбеді. Басқа бір беткейге шығып ек, тағы көрінбеді. Мына жақ беткейге барсақ деп тағы бір беткейді нұсқасам жол бастаушым көнбеді: «болмайды, біз өлім мен өмірдің арасында тұрмыз» деп. Сол күні күн ашық болып тұрды, анау «сіздің талайыңыз бар екен, күн ашық болып тұр, аппаратқа жақсы аласыз, кейде тұман шөгіп жатып алады. Бірақ күн ашық болғанның да өз қаупі бар, көшкін көп түседі», - деді. Мен қоймадым, «Темір шыңын ала алмасам бос келгенім ба, анау беткейге өтейік», - деп. Мен Тянь-Шанда 7 жыл, Күнлүнде екі жыл, Тарымда екі жыл, Жоңғарда 4 жыл, Алтайда үш жыл жүрдім мақсатыма жетем деп. Сөйтіп айтып ем бұл отырды да, жолдағы мұзды мылтықпен атты тарсылдатып. Содан айтты: «мына мұз қазір түсе қоймайтын сияқты, жолдағы үйдей-үйдей тастарды паналап жүгіріп барып тығылып өтейік. Мұз құласа тасты паналап, жанымыз қалады»,- деді. Ары қарай сөйтіп өттік.
Ары қарай өткеннен кейін Темір шыңы және көрінбеді, мен тағы бір бетті нұсқап шықсам деп ем, Нұрақын «жоқ!» деп жалынды. Мен «шығамын» деп қоймадым. Ол: «мені де ойлаңыз, менің де бала-шағам бар, ертең сіз өлсеңіз мені апарып атады», - деді. «Сен жауапкершілік жағынан алаңдама»,- деп қолына біраз ақша ұстаттым. Қолымнан қағаз да жазып бердім: «осыдан былай өз еркіммен кетіп барам, бір жағдайға ұшырасам Нұрақын жауапты емес», - деп.
- «Алла, жүрек жұтқан адам екенсіз, құдай сақтасын сізге басқа лажым жоқ, әйтпесе сізді атып тастап, өзімді де өлтірейін дегем. Ары қарай менде шығуға шама жоқ, мылтықтың басына ақ шүберек байлап жол нұсқап отырам, сол бойынша жүріңіз, жаңылыс бір қадам жасасаңыз өлесіз»,- деді. Содан үстімді жеңілдеп алып, бір аппаратты ғана алып кетіп барам. Үш жарым сағатта әлгі жерге шықтым. Омырауым ақ сөңке болып, сор болып кетті терлегенде. Қарасам бір мұз дүниенің үстінде тұрмын. Аппаратпен жиырма минутта бірақ сыпырып тартып болып, үш жарым сағатта түскен жерден жарым-ақ сағатта қорыммен сырғанап бірақ келдім.
Келсем жолдасым шошып кетті, «ойбай кетейік енді»,- деп. Содан бағанағы қиямет жолымыздан қайта ептеп өттік. Азық-түлігімізді тастап кеткен жерге келіп, қар-мұзбен қосып тамақтанып отырғанда тау атылып, жаңа ғана біз тығылып өткен тастарды бір-ақ минутта сыпырып өте шықты. Содан алды-артқа қарамай қайттық. Аттарға келсек аттармыз тықыршып тұр екен, төмен жақты қара тұман қаптап барады, тайып тұрдық. Сөйтіп аман-есен Темір шыңын түсіріп келдім. Сол суреттер бойынша мемлекеттің екінші дәрежелі сыйлық алдым.
- Осындай сапарларыңызда жыртқыш аңдарға жолыққан, жылан шағып ала жаздаған сәттер болды ма?
- Мен Алтай тауынан тұңғыш рет ақ аюды фотоға түсірдім. Бұл Қытайда өте үлкен жаңалық болды. Негізі Алтайға ақ аю көрем деп бармағам, қолымда жиырма оқты тапанша бар, жанымдағылар артта қалып, жалғыз келе жатқанда көрдім. Бір лента бірақ таусылғанша сартылдатып түсірдім. Мұздың үстінде кетіп бара жатқан біреуі, суда жүзіп бара жатқан бір сурет сәтті түсіріліпті. Бұл сурет туралы Қытайдың орталық телевизиясы мені Бейжіңге шақырып, он минут сөйлетіп арнайы хабар жасады. Кейін Ресейден арнайы экспедиция келіп, мен жол бастап бардым. Бірақ ол кезде ақ аюды кездестіре алмадық.
Бір қызықты айтайын, Жоңғар ойпатында жүргенімде керіш арасынан үлкендігі адам санындай, ұзындығы бір метр кесіртке көрдім. Өзіме айбар қылып, сақылдап тұрды. Аппаратқа ала алмай қалдым. Кесіртке жақын аралықтан алдымнан шыға келгенде қолым дірілдеп аппарат басылмай қойды. Ол жердің бәрі әңгек, қуыс ін екен, соның арасынша кесіртке лып етіп ғайып болып кетті. Оның үстіне жалғыз жүрмін, ар жағында көп болып қаптап кетсе қайтем деп қорықтым. Бұндай дүниелер туралы «Қияндағы хикметтер» деген кітабымда жаздым. Енді бір әңгіме - 1984 жылы бір адам айдаһар атқан екен, мен осы адамды бес жыл іздеп жүріп таптым. Манастың басында, Байынбұлаққа асатын асудың арасында күрделі келген бір тау бар. Осы жерден 1984 жылы алтын қазғалы төрт адам барған. Солардың арасында Махмұт дегені атыпты. Айдаһар болғанда әбжылан. Сонда бес жарым құлаш екен соның ұзындығы. Махмұттың астындағы атын буып өлтіріпті. Менің бір арманым осыған бара алмадым, бара алмағаным жасым ұлғайып кетті. Ол жерге бер жағында ел отырған жерге дейін атпен үш күн, ары қарай үш күн жаяу жүреді екенсің. Жаяу жүргенің - жаныңды қолыңа ұстағаның. Шамама қарасам қиындау сияқты.
Соңғы бір рет өзіміздің жолы жеңіл Еренқабырғада үш күн жүріп едім, бір күн тұра алмай жатып қалдым. Сол жолы менімен ерген жас жігіт бір апта қозғала алмай жатты. Ол жаққа бару үшін үлкен қуат керек. Тамақсыз жүресің, ұйқысыз жүресің, суға кезігесің, көшкінге кезігесің, жыртқыш аңдар бар. Осы өзім бара алмаған сырды кітапқа жаздым, кім ашар екен деп. Әйтпесе айдаһар атқан адам неше рет «келіңіз, бастап барамын» деп шақырды мені. Өзімді сынап көрейін деп неше оқталдым, оның үстіне балалар да қорықты. Жасым 68-ге кеп қалды. Егер осыдан он жылдың алдында болса барып келетін едім.
- Қазақстанда көрме өткізіп, кітап шығардыңыз ба?
- Қазақстанда кітабым шықпады. Қазірге бұл жақтан менің еңбектеріме ие болатын бір мемлекеттік мекеме табылмай тұр. Осындай сыйлас бауырым, танымал фотограф Асылхан Әбдірайымұлына да айттым: «шақырғандарыңыз жақсы болды, мәдениет деген әр саладан болуы керек, жетіспей жатқан жерді жетістіруіміз керек», - деп. Қалдарбек тұрған кезде Алматыда бір рет, Астанадағы Президент музейінде бір рет 150 сурет қойылған көрмем өтті. Сол кезде Ермек деген Мәдениет министрі лента қиып мені қабылдады. Қабылдауына Қалдарбек екеуміз бірге бардық. Кейін Қалдарбек марқұм Германияда көрмемді өткізіп бермекші болып шақырғанда балама той жасап келе алмай қалдым...
- Балаларыңыздан жолыңызды қуғандар бар ма?
– Ұлым бар. Анда-санда аппарат ұстайды. Арнайы айналыспайды.
- Қытайдағы қазақ фотоөнерінің деңгейі қандай?
- Қытайда фото өнердің дамуы біршама тез болды. Өйткені бай табиғатпен қоса техникалық мүмкіндік те бар. Соңғы кездері фотоөнерімен айналысып жүрген қазақ жастарының қатары көбейді. Айталық, Алтайда Серік Мұқыш деген жігіт бар, өте мықты. Қазақ жігіттерді ұйымдастырып көрме, тренинг өткізіп тұрады. Менің орынымды басып, суретті журналды қолға алып отырған Серік Нұрлыбай деген мықты азамат бар. Бұлар - Қытай бойынша, Шыңжаң өңірі бойынша мемлекеттік, өңірлік сыйлық алып жүрген жігіттер. Менің өзім 6 рет халықаралық 32 рет мемлекеттік сыйлық алдым. Қазірге менің қолымда 25 мың сурет бар, соны жетпіске келгенше реттеп кетуім керек.
Әңгімелескен Б.Қуаныш
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір